Өз балаңнан бас тарту жолы бар ма?
Арыз жазып бас тартуға бола ма?


Баладан бас тарту:
Алименттен құтқара ма?
Баланы тәрбиелеуден, бағудан босата ма?


Осындай жағымсыз сұрақтарды еститін кезіміз болады.


Қолданыстағы заң ата-ананы баласына қатысты міндеттерді орындаудан босатуды қарастырмаған. Оған жол берілмеген.


ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 70-72 – баптарында
- Ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі құқықтары мен міндеттері;
- Ата-аналардың баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттері;
- Ата-ана құқықтарын баланың мүддесінде жүзеге асыру бекітілген.


Осы тарауда көзделген ата-ана құқықтары балалары он сегiз жасқа (кәмелетке) толғанда, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде тоқтатылатыны көрсетілген.


Кодекстің 77-бабына сәйкес ата-ана құқықтарынан айыру ата-ана құқықтарынан айыру баламен туыстық фактiсiне негiзделген барлық құқықтардан, оның iшiнде одан күтіп-бағу қаражатын алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақыны алу құқықтарынан айрылуға әкеп соғады.


Ата-ана құқықтарынан айыру ата-аналарды өз баласын күтіп-бағу мiндетiнен босатпайды, бұл міндет оны асырап алуға байланысты тоқтатылады.


Сонымен ата-ана өзінің қалауымен балаға қатысты міндеттерді орындаудан босата алмайды.


Дегенмен, бұларға қарамай баладан бас тарту туралы арызды нотариустен куәландырып жасап жатады. Бірақ бұл құжат ата-ананы баласына қатысты міндеттерді орындаудан босатпайды.
Бұл құжат тек баланы асырап алу кезінде қолданылады. Баланы асырап алғаннан кейін ата-ананың балаға қатысты міндеттері тоқтайды.
Баланың ата-анасының кез келгені жаңа некеге тұрғысы келсе, онда баланың ата-анасының бірі баладан бас тартуы керек емес. Жаңадан некеге тұруға оның мүлдем қажеті де, қатысы да жоқ.
Баланың кіммен бірге тұратынына қарамастан жаңа неке ата-ана құқықтары мен міндеттеріне мүлдем әсер етпейді.

FaLang translation system by Faboba